«Оны емдетудің орнына қамауда ұстап отыр»: Боқаевтың операторының жұбайы шұғыл көмек сұрады

29.06.2026 13:03 Әсел МҰРАТ
«Оны емдетудің орнына қамауда ұстап отыр»: Боқаевтың операторының жұбайы шұғыл көмек сұрады
236
Фото: видеодан скрин

Белсенді Санжар Боқаевтың видеографы Ұлан Нүсіпқожаның әйелі видео жариялап, күйеуінің «медициналық көмекке зәру» екенін айтты, деп хабарлайды Politico.kz.

Алматыдағы ҰҚК тергеу изоляторында отырған бейнеоператор Ұлан Нүсіпқожаның жұбайы оған қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа өзгертуді немесе ауруханаға ауыстыруды сұрады.

«Менің атым – Толғанай. Мен – Ұлан Нүсіпқожаның жұбайымын.Өкінішке қарай, әділетсіздік біздің отбасымызды да айналып өтпеді. Жолдасым Ұлан – жалдамалы қызметкер, бейнеоператор. Оның атқарған жұмысы жұмыс берушінің тапсырмасы бойынша бейнематериал түсіру, оны өңдеу және монтаждау ғана болды.
Қазір Ұлан Алматы қаласындағы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің тергеу изоляторында ауырлығы орташа қылмысқа күдікті ретінде қамауда отыр. Жақында сот оның қамауда ұстау мерзімін тағы төрт айға, яғни 18 шілдеге дейін ұзарту туралы шешім шығарды.

Меніңше, бұл шешім адамгершілікке мүлде жат. Өйткені сот та, тергеу органдары да Ұланның денсаулық жағдайының өте ауыр екенін жақсы біледі. Тергеу изоляторында болған кезде дәрігерлер одан жедел вирустық инфекцияны, бауырдың ауыр интоксикациясын, ағзаның қатты әлсіреуін және қаназдықты анықтады.

Дәрігерлердің қорытындысына сәйкес, Ұланға шұғыл түрде магниттік-резонанстық томографиядан (МРТ) өту қажет болды. Біз бұл тексеруді 26 маусымда өткіздік. Оның қорытындысы бойынша дәрігерлер онкомаркерлерге талдау тапсыруды ұсынды.Тергеу де, сот та осы медициналық құжаттармен, онкологтың қорытындысымен толық таныс. Соған қарамастан, жолдасымды ем қабылдауы үшін үйқамаққа шығарудан бас тартып отыр.

Менің жолдасым – кісі өлтірген адам емес, қоғамға қауіп төндіретін қылмыскер де емес. Оның ешқайда қашып кету ниеті жоқ. Мұндай жағдайда оны ем алу мүмкіндігінсіз төрт қабырға арасында ұстау – менің ойымша, әділдік емес, адамды азаптаумен тең. Осыған байланысты мен Қазақстанның Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың атына ресми өтініш жолдадым. Себебі жолдасымның Конституциямен кепілдік берілген өмір сүру және денсаулығын қорғау құқықтары өрескел бұзылып жатыр деп есептеймін.

Мен барлық құқық қорғаушыны, азаматтық қоғам өкілдерін және бейжай қарамайтын жұртшылықты осы жағдайға назар аударуға шақырамын.Менің жалғыз тілегім – Ұланға қатысты бұлтартпау шарасын үйқамаққа ауыстыру немесе оған қажетті медициналық көмек көрсетілетін ауруханаға жатқызу. Өтінемін, бұл жағдайдың қоғамға кеңінен жария болуына көмектесіңіздер. Сонда ғана біздің жанайқайымыз естіліп, әділ шешім қабылданады деп сенемін» – делінген журналист Вадим Борейко жариялаған Толғанайдың үндеуінде.

Еске сала кетейік,18 наурызда белсенді Санжар Боқаев ұсталды. Алматы тергеу соты Санжар Боқаевтың қамау мерзімін 18 шілдеге дейін ұзартты.

Боқаевпен бірге оның операторы Ұлан Нүсіпқожа да қамауға алынған.

Войдите, чтобы оставить комментарий