Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар мен Абай облыстарының басшылығын сынға алды

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар мен Абай облыстарының басшылығын сынға алды
15.04.2025 11:20
0
496
Үкімет
Премьер-министр екі облыстағы өртке әрекетсіздікке наразы

Премьер-министр Олжас Бектенов Павлодар және Абай облыстарындағы орман өрттері кезінде жауапты органдардың тиісті әрекет етпегенін сынға алды, деп хабарлайды POLITICO.KZ.

Үкімет басшысы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындықты пысықтау мәселелері талқыланған жиында Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен облыс әкімдерінің жұмысына көңілі толмайтынын айтты.

Жыл басынан бері мемлекеттік орман қоры аумағында 25 өрт оқиғасы тіркелген, өрт аумағы 4,4 мың гектардан асқан. Осыған байланысты, премьер-министр облыстар әкімдеріне төтенше жағдай кезінде шұғыл әрекет етудің жаңа алгоритмін енгізуді тапсырған болатын. Алайда, Павлодар мен Абай облыстарындағы соңғы өрттер бұл алгоритмнің іс жүзінде орындалмағанын көрсетті.

«Өрт сөндіру кезінде шұғыл әрекет етіп, тиісті күштерді жұмылдыру үшін жаңадан Мемлекеттік органдардың іс-қимыл алгоритмі әзірленген болатын. Алайда биыл Павлодар және Абай облыстарында болған табиғи өрт бұл Алгоритмнің орындалмай отырғанын көрсетті.

Мысалы, Абай облысында орман шаруашылығы мекемелерінің қызметкерлері өртке қарсы шұғыл қимылдау былай тұрсын, тіпті Төтенше жағдайлар, Ішкі істер және Қорғаныс министрліктеріне өрттің шыққаны туралы тез арада хабар да бермеген. Павлодар облысында да дәл осындай жағдай орын алды.

Экология, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктеріне осы екі өңірдегі өрттің шығу себептерін тексеріп, тиісті шаралар қабылдауды және кінәлілерді анықтап, жауапкершілікке тартуды тапсырамын», – деді Олжас Бектенов.

Осыған орай, Премьер-министр Экология, Төтенше жағдайлар және Ішкі істер министрліктеріне аталған екі өңірдегі өрттің себептерін анықтап, кінәлі тұлғаларды жауапқа тарту жөнінде нақты тапсырма берді.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий