“Қызы айқайдан оянған”: Атырауда күйеуі өлтірген бастауыш мұғалімінің соты басталды

22.05.2026 21:20 Қарақат АСЫЛОВА
“Қызы айқайдан оянған”: Атырауда күйеуі өлтірген бастауыш мұғалімінің соты басталды
364
Атырауда мұғалімнің өліміне қатысты сот процесі басталды

Атырау облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында Ж.Қаражігітов атындағы мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімінің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қарала бастады, деп хабарлайды Politico.kz.

Істі судья Зарема Хамидуллина жүргізіп жатыр. Сотта 63 жастағы зейнеткер ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабы 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша айыпталуда.

Айыптау нұсқасына сәйкес, ерлі-зайыптылар арасында ұзақ уақыт бойы қызғаныш пен өзара сенімсіздікке байланысты жанжалдар болып келген. Қайғылы оқиға 2026 жылғы 16 наурызға қараған түні Атырау қаласының Нұрсая ықшамауданында орын алған.

Сол түні болған жанжал кезінде айыпталушы ас үйден пышақ алып, қонақ бөлмеде жұбайына бірнеше рет жарақат салған. Әйел адам алған ауыр жарақаттарынан оқиға орнында көз жұмған.

Іс бойынша сол үйде болған 12 жастағы қыз басты куәгерлердің бірі ретінде танылған. Оның айтуынша, ол түнгі айқайдан оянып, жағдайды тоқтатуға тырысқанымен, оқиғаның толық шешуші сәтін көрмеген.

Сот барысында айыпталушы өз кінәсін мойындап, болған жағдайға өкініш білдіріп, жәбірленушілерден кешірім сұраған. Сондай-ақ ол істі алқабилердің қатысуынсыз қарауды таңдаған.

Процесс барысында айыптау актісінің көшірмелері тараптарға алдын ала берілмегені анықталып, прокурорға ескерту жасалды.

Келесі сот отырысы 5 маусым күні сағат 10:00-ге белгіленді. Іс ашық режимде жалғасуда.

Войдите, чтобы оставить комментарий