Ресейде қалған 14 жігіт Қазақстан елшілігіне жеткізілмек – Мейірман Шекеев

08.10.2026 • 13:06 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Ресейде қалған 14 жігіт Қазақстан елшілігіне жеткізілмек – Мейірман Шекеев
330

Ресейде қалып, көмек сұраған қазақстандықтардың мәселесі Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тікелей бақылауына алынды. Бұл туралы заңгер Мейірман Шекеев Instagram парақшасында хабарлады, деп хабарлайды Politico.kz.

Заңгердің айтуынша, алғашқы 14 адам Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізілмек.

«Өтінішіміз бойынша Ресейдегі балалардың мәселесі тікелей Қазақстан Республикасы Президентінің бақылауына өтті. Бүгін алғашқы 14 бала Қазақстанның Ресейдегі елшілігіне жеткізілетін болды», деп жазды Шекеев.

Бұған дейін заңгер Ресейде қалған азаматтардың ата-аналарымен бірге Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ғимараты алдына жиналған болатын.

Сол кезде оларды Сыртқы істер министрінің орынбасары Арман Исағалиев қабылдаған. Шекеевтің айтуынша, кездесуден кейін министрлік Президентке тиісті құжат жолдауға келіскен.

Заңгер мәселенің шешіле бастағанына байланысты Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтты. Ол қуанышты хабарды Сыртқы істер министрі Мұқтар Бескенұлы телефон арқылы жеткізгенін жазды.

Еске салайық, бұған дейін бір топ қазақ жігіті Ресейден видеоүндеу жариялап, көмек сұраған еді. Олардың айтуынша, Ресейге күзетші болып жұмыс істеу үшін барған. Бірақ сол жақта Ресейдің Қорғаныс министрлігімен келісімшарт жасатып, Украинадағы соғысқа жібергелі жатқанын мәлімдеген.

Войдите, чтобы оставить комментарий