Санжар Боқаевтың нақты қандай қылмыстық баптармен тергеліп жатқаны белгілі болды
Алматыда қамауға алынған белсенді Санжар Боқаевтың нақты қандай қылмыстық баптармен тергеліп жатқаны анықталды, деп хабарлайды Politico.kz Informburo.kz порталына сілтеме жасап.
Бас прокуратураның ресми мәліметіне сүйенсек, тергеу органы оның әрекетін Қылмыстық кодекстің екі бабымен саралау туралы қаулы шығарып, оны прокурормен келіскен.
Нақтырақ айтқанда іс 190 баптың 4 бөлігінің 2 тармағымен, яғни «аса ірі мөлшердегі алаяқтық» және 340 баптың 3 бөлігінің 1 тармағымен, «адамдар тобы болып заңсыз ағаш кесу» бойынша қаралып жатыр. Бұл қылмыстар үшін айыппұл төлеуден бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза қарастырылған.
Бұған дейін мұхит асып кеттім деген Санжар Боқаев 18 наурыз күні Алматыда ұсталған болатын. Қазіргі уақытта ол Ұлттық қауіпсіздік комитеті қалалық департаментінің тергеу изоляторына екі ай мерзімге қамалды.
Айта кетейік, іске қатысты куәгер Ахиддин Хамрақұлов өзінің алғашқы сөзін жоққа шығарып, Боқаевтың нұсқауын орындағанын мәлімдеген. Ол зират басына гранит тақталарын апарып, Баум тоғайындағы ағаштарды кестірткенін және бұл жұмысы үшін Санжар Боқаевтан 100 мың теңге көлемінде ақы алғанын айтты.
Соңғы жаңалықтар