Тойда уағыз айтып істі болған ақсақалдың қызы Тоқаевтан көмек сұрады (ВИДЕО)
Түркістан облысының Жетісай қаласындағы тойда діни уағыз айтып, әншілер мен әйелдерге тіл тигізгені үшін қамауға алынған 66 жастағы ақсақалдың қызы Наргиза Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Politico.kz.
Өз сөзінде бойжеткен әкесінің ешқашан радикалды немесе экстремистік көзқараста болмағанын, тек той алдында исламдағы музыканың орны туралы видео көріп, сол әсермен туыстарына өз ойын бөліспек болғанын жеткізді.
Оның айтуынша бұл бөтен адамдарсыз өткен жабық отбасылық шара болған, ал оған қонақ ретінде келген әнші Роза Әлқожа видеоны қатысушылардың рұқсатынсыз желіге жүктеп жіберген. Наргиза өзінің және әкесінің атынан әншіден кешірім сұрай отырып, қарияның оны ренжіту ниеті болмағанын атап өтті.
Сондай-ақ ол қоғамда үлкен наразылық тудырған «ұрғашы» сөзіне де түсініктеме беріп өтті. Бойжеткен лингвист Құдайберген Жұбановтың еңбегіне сүйеніп, бұл сөздің түбірі ұрпақ жалғастырушы мағынасын беретінін және ауыл ақсақалдары оны ешбір жаман ниетсіз қолданатынын алға тартты. Оған қоса Наргиза әкесінің отбасында өте мейірімді адам екенін, анасына ешқашан қол көтермегенін және әйелдер қауымын ерекше сыйлайтынын мәлімдеді.
Қамауға алынған ақсақал өте ауыр сынақтарды бастан өткерген. Қызының мәліметінше оның екі ұлы сотталып, биылғы қаңтар және мамыр айларында екі бауырынан айырылған, ал қыста өзі жансақтау бөліміне түсіп, әзер аман қалған. Бұдан бөлек ол бірнеше жыл бұрын ауыр жол апатына ұшырап, басына күрделі нейрохирургиялық ота жасалғандықтан, қазіргі таңда жүрегі ауырады және жыл сайын тұрақты ем қабылдауға мәжбүр. Отбасы мүшелері осы қайғылы оқиғалар әкесінің психологиялық жағдайына кері әсер еткенін, кейде оның ойланбастан сөйлеп қойып, қателігін кешірек түсінетінін байқаған.
Осы жағдайларды ескерген Наргиза Мемлекет басшысынан бірнеше секундтық бейнежазбаға ғана сүйенбей, істің жан-жақты, әділ әрі бейтарап қаралуына ықпал етуді сұрады. Сонымен бірге ол әлеуметтік желіде әкесінің абыройына нұқсан келтіріп, өмірі мен денсаулығын білместен балағат сөздер жазып жатқан блогерлер мен танымал тұлғалардың әрекетіне құзырлы органдардың құқықтық баға беруін талап етті.
Еске салайық, 2026 жылдың тамыз айының басында Жетісай қаласындағы тойда 66 жастағы ақсақал өнер иелерін шайтанның қызметшісі деп атап, мерекелерде музыкаға тыйым салуды және ерлер мен әйелдерді бөлек отырғызуды талап еткен болатын. Бұл видео желіде тарағаннан кейін 4 тамызда Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бұл әрекетті айыптаса, келесі күні ішкі істер органдары ер адамды ұстап, оның үстінен діни және әлеуметтік алауыздықты қоздыру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
Айта кетейік, Президент әкімшілігінің өкілі Ерлан Қарин елдегі зайырлылық қағидаттарын қатаң сақтау керектігін еске салған еді.
Соңғы жаңалықтар