ҰҚК Бекболат Тілеуханның күйеу баласының үйіне қалай тінту жүргізілгенін көрсетті  

01.07.2026 12:59 Әсел МҰРАТ
ҰҚК Бекболат Тілеуханның күйеу баласының үйіне қалай тінту жүргізілгенін көрсетті  
276
Фото: видеодан скрин

Ұлттық қауіпсіздік комитеті сыбайлас жемқорлыққа қарсы күреске арналған деректі фильм жариялады. Онда Өскемен қаласының бұрынғы әкімі, Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бұрынғы бірінші орынбасары Жақсылық Омарға қатысты қылмыстық істің жай-жапсары баяндалған, деп хабарлайды Politico.kz.

ҰҚК мәліметінше, 2025 жылдың соңында Шығыс Қазақстан облысы бойынша ҰҚК департаментінің қызметкерлері Жақсылық Омардың өзіне бағынысты қызметкерлер мен ведомстволық ұйымдардың өкілдерінен жүйелі түрде ақша бопсалайтыны туралы жедел ақпарат алған.

«Ақша талап еткен адамдардың барлығы анықталды. Ол қызметкерлерге мансаптық өсуге ықпал ететінін айтып, қаржы талап еткен. Ал бас тартқандарды жұмыстан шығаратынын немесе лауазымын төмендететінін айтып қорқытқан. Олардың барлығы Жақсылық Омар Өскемен қаласының әкімі қызметін атқарған кезде оның қарамағында жұмыс істеген. 2026 жылы 4 ақпанда оның ақша алу тәсілін құжаттап, қылмыстық схеманы әшкерелеу мақсатында ақша қаражатының бір бөлігі берілді», – деді ҰҚК өкілі.

Ведомство сондай-ақ Өскемен қаласындағы экс-шенеуніктің жеке үйіне жүргізілген тінтудің бейнежазбасын жариялады. Тінту барысында ірі көлемдегі ақша қаражаты тәркіленген.

ҰҚК мәліметіне сәйкес, алғашқы жауап алу кезінде-ақ Жақсылық Омар өз кінәсін мойындаған. Тергеу барысында оған қатысты Қазақстан Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігі («Алаяқтық») бойынша қосымша қылмыстық құқық бұзушылық дерегі де анықталған.

Нәтижесінде сот оны алты жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті.

Еске сала кетейік, биылғы ақпан айында әлеуметтік желілерде Жақсылық Омардың ұсталғаны туралы ақпарат тараған болатын. Кейін ҰҚК Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасарына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатқанын растады.

Оған аса ірі мөлшерде алаяқтық жасау және ірі көлемде пара алу айыптары тағылды.

Сотта екі эпизодтан тұратын қылмыстық істің мән-жайы жария етілді.

Жақсылық Омар сотта өз кінәсін толық мойындап, өзіне айыппұл тағайындауды сұраған. Алайда сот оны алты жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды. Кейін ол апелляциялық шағым түсіргенімен, бірінші сатыдағы соттың үкімі өзгеріссіз қалдырылды.

Жақсылық Омар 2025 жылдың сәуір айында Шығыс Қазақстан облысы әкімінің бірінші орынбасары қызметіне тағайындалған. Оған дейін алты жыл бойы Өскемен қаласының әкімі болды.

Саяси қайраткер Бекболат Тілеуханның жиен күйеу баласы болып келетін Жақсылық Омар 1980 жылы 28 қыркүйекте Талдықорған облысы Алакөл ауданындағы Үшарал ауылында туған. 

Войдите, чтобы оставить комментарий