Жәнібек Әлімханұлының рингтегі тағдыры белгілі болды
Бүкіләлемдік бокс ұйымы World Boxing Organization (WBO) қазақстандық орта салмақтағы әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлыны бір жылға жарыстардан шеттетті, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұған оның допинг-сынақтан тыйым салынған мельдоний заты бойынша оң нәтиже көрсетуі себеп болған. Алайда ұйым боксшының чемпиондық белбеуін қайтарып алған жоқ.Шешімге сәйкес, дисквалификация мерзімі ішінде Әлімханұлына кез келген кәсіби және көрме жекпе-жектеріне қатысуға тыйым салынады. Сонымен қатар WBO орта салмақта белсенділікті сақтау және рейтингтегі үміткерлердің құқығын қорғау мақсатында уақытша чемпиондық титул үшін жекпе-жек өткізуге санкция берді.
Рейтингтің бірінші нөмірі — Дензел Бентли екінші нөмір — Энди Сааведрамен уақытша белбеу үшін жұдырықтасады. Ал дисквалификация мерзімі аяқталған соң Әлімханұлы уақытша чемпионмен міндетті түрде айқас өткізіп, толыққанды чемпионды анықтауы тиіс. WBO шешіміне сәйкес, оған дейін аралық жекпе-жек өткізуге рұқсат берілмейді. Талап орындалмаған жағдайда қосымша санкциялар қолданылуы мүмкін.
WBO президенті Густаво Оливьери Чемпиондық жекпе-жектер комитетінің шешімі бірауыздан қабылданғанын мәлімдеді. Дисквалификация мерзімі 2025 жылғы 2 желтоқсаннан бастап кері күшпен есептеледі. Ұйым алдағы уақытта толық қорытындысы мен талаптары көрсетілген ресми құжатты жарияламақ.
Айта кетейік, оң допинг-сынама 6 желтоқсанға жоспарланған біріктіруші жекпе-жекке дайындық барысында алынған. Әлімханұлы Эрисланди Ларамен (WBA чемпионы) кездесуі тиіс еді. Сынаманы 15 қарашада Калифорнияда Voluntary Anti-Doping Association (VADA) алған.Мельдоний 2016 жылдан бері World Anti-Doping Agency (WADA) тыйым салған заттар тізіміне енгізілген. Теріс нәтиже анықталғаннан кейін қазақстандық боксшы жекпе-жектен шеттетіліп, оның орнына Хоан Гонсалес шыққан болатын.
Соңғы жаңалықтар