Алаяқтардың құрбаны болған студенттің әкесі заңды қатаңдатуды сұрайды

19.06.2026 16:05 Абзал БАХЫТЖАНОВ
Алаяқтардың құрбаны болған студенттің әкесі заңды қатаңдатуды сұрайды
225
Фото: stan.kz

Астанада алаяқтардың психологиялық қысымынан кейін көз жұмған 21 жастағы студент Айсәуле Қанаханың әкесі арнайы петиция жариялады. Бұл туралы «NewTimes.kz» ақпарат агенттігі хабарлайды.

Саябек Қанаханың сөзіне қарағанда қызы бірнеше күн бойы өзін Ұлттық банк қызметкеріміз деп таныстырған қылмыскерлердің психологиялық қысымында болған. Олар бойжеткенмен WhatsApp арқылы байланысқан. Салдарынан Айсәуле отбасының барлық жинағын дропперлердің шотына аударып жіберген. Келесі күні таңертең оның мәйіті табылған. Отбасы бұл жағдайды күдікті деп санайды.

Айсәуле белгілі қазақстандық жазушы Өтебай Қанахиннің немересі еді. Ол «Шабыт» академиясында грантта оқып жүрген және математика мен дизайнмен айналысқан. Қайғылы оқиғадан кейін бойжеткенді 3 сәуір күні өзінің 21 жасқа толған туған күнінде жерлеген.

Петиция авторы қызының қазасы жалғыз жағдай еместігін айтады. Оның мәліметінше елордадағы 66 мектеп түлектерінің арасынан 2026 жылдың басынан бері үш жас өспірім қайтыс болған. Бұл оқиғалардың барлығы алаяқтық және бопсалаумен байланысты.

«Бұл жекелеген оқиға емес, бұл біздің адами капиталымызға қарсы жоспарланған террор, апаттың ауқымы өте қорқынышты», – деді Саябек Қанаха.

Сонымен қатар әкесі құқық қорғау органдарының жұмысын қатаң сынға алды. Ол киберполиция бөлімшелері қазіргі қылмыстық схемаларға тиімді қарсы тұруға дайын емес деп есептейді. Ол екінші деңгейлі банктердің клиенттерді шот ашу және ірі аударымдар кезінде мұқият тексермейтінін де атап өтті.

«Астана қаласы Есіл аудандық ішкі істер бөлімінің полициясы Айсәуленің ісі бойынша бір айдан астам уақыт бойы әрекетсіз отырды, материалдарды тергеушіден тергеушіге лақтырып, адвокатты елемеді», – деді марқұмның әкесі.

Осы мәселені шешу үшін Саябек Қанаха Ішкі істер министрлігі немесе Ұлттық қауіпсіздік комитеті жанынан бір терезе қағидаты бойынша кибералаяқтыққа қарсы күрес жөніндегі бірыңғай ұлттық орталық құруды ұсынады. Бұл орталық полиция мен банктердің күшін біріктіріп, күдікті транзакцияларды жедел бұғаттауы тиіс. Бұдан бөлек ол азаматтардың өтініштерін лезде тіркеу жүйесін енгізуді және киберқылмыстарды ашқаны үшін материалдық көтермелеу механизмін құруды сұрап отыр. Петицияда ақпараттық технологиялар арқылы адамды өзіне-өзі қол жұмсауға дейін жеткізгені үшін жазаны 10 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру көлемінде қатаңдату туралы заңнамалық бастама да бар. Бұл нормаларды жыл соңына дейін қабылдау қажеттігі айтылған.

Құжатта 300 мың теңгеден асатын онлайн несиелер мен ірі ақша аударымдары үшін 72 сағаттық міндетті ойлану кезеңін енгізу ұсынылған. Мұндай операциялар үшін күшейтілген биометриялық және бейне тексеруді міндеттеу талап етіледі. Сондай-ақ банктер мен халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметкерлеріне қатысты жауапкершілікті күшейту мәселесі көтерілді. Дропперлерге шот ашудағы салғырттық және жеке деректердің таралуы үшін қатаң жаза қарастырылуы керек. Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігіне «eGov Mobile» қосымшасында мемлекеттік қызметкерлердің жеке деректерді қараған әрбір жағдайы туралы азаматтарды автоматты түрде хабардар ету функциясын енгізуді міндеттеу ұсынылды.

Қоғамдық резонанстан кейін құқық қорғау органдары ұрланған ақша өткен шоттардың иелері саналатын дропперлерді ұстағаны белгілі болды. Қыздың әкесі тергеу жұмыстарының орнынан жылжығанын мәлімдеді.

Войдите, чтобы оставить комментарий