Маңғыстауда бірнеше адам балықтан уланып, жансақтау бөліміне түсті: арасында бала да бар
Маңғыстау облысында балық жеген төрт адамнан ботулизм белгілері анықталып, барлығы ауруханаға жеткізілді. Қазір олардың жағдайы ауыр, науқастардың барлығы жасанды тыныс алу аппаратына қосылған, деп хабарлайды Politico.kz.
Бұл туралы өңірлік денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас эпидемиологы Марал Қадыр мәлімдеді.
Оның айтуынша, ауруханаға Мұнайлы ауданының үш тұрғыны және 9 жас 10 айлық бала түскен. Үш ересек облыстық көпсалалы ауруханада ем қабылдап жатыр, ал бала облыстық көпсалалы балалар ауруханасының инфекциялық бөлімшесіне жатқызылған.
Алдын ала мәлімет бойынша, науқастардың барлығы бір отбасылық шара кезінде балық жеген. Балықтың тоңазытқышта ұзақ уақыт сақталғаны анықталған. Олар оны 17 қыркүйек күні сағат 20:00-ден 21:00-ге дейін тұтынған.
Келесі күні кешке науқастардың бойынан алғашқы белгілер байқалған. Атап айтқанда, жүрек айну, құсу, әлсіздік, бас айналу, көру қабілетінің бұзылуы және санаға қатысты өзгерістер болған. 19 қыркүйекте олар медициналық көмекке жүгінген.
Дәрігерлердің айтуынша, барлық пациенттің жағдайы ауыр. Қазір олар өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Науқастарға уытсыздандыру және симптоматикалық ем жүргізіліп, ботулизмге қарсы арнайы сарысу енгізілген.
Соңғы жаңалықтар