Қазақстанда жекеменшік мектептерге қаржыландыру тоқтатылуы мүмкін
Қазақстанның Оқу-ағарту министрлігі жаңадан ашылатын жекеменшік мектептерге мемлекеттік тапсырыс беруді шектеуді ұсынды, деп хабарлайды Politico.kz сайты Ertenmedia.kz сайтына сілтемемен.
Мұндай бастама білім беру сапасын арттыру және бюджет қаражатының тиімді жұмсалуын қамтамасыз ету мақсатында көтеріліп отыр. Министрлік дерегінше, соңғы жылдары жеке мектептер саны қарқынды өсіп, олардың бір бөлігі нақты қажеттілікті ескермей ашылған. Кейбір оқу орындары жалға алынған ғимараттарда орналасса, енді бірінде оқушылардың едәуір бөлігі онлайн форматта білім алған. Бұл жағдайлар қолданыстағы заң талаптарына сәйкес келмейді.
Жаңа ұсынысқа сәйкес, мемлекеттік тапсырыс тек өңірлердегі өзекті мәселелерді шешуге бағытталған жекеменшік мектептерге ғана беріледі. Атап айтқанда, үш ауысымды немесе апатты жағдайдағы мектептердің жүктемесін азайтатын оқу орындарына басымдық берілмек.
Сонымен қатар, елімізде жеке мектептерді цифрлық бақылау жүйесі енгізіліп жатыр. 2025 жылдың қыркүйегінен бастап 700-ден астам мектеп толық цифрландырылып, бюджет қаржыландыруымен біріктірілген.
Бұдан бөлек, білім беру ұйымдарына қойылатын талаптар күшейтілді. Ғимараттардың жағдайы, педагогикалық құрам және материалдық-техникалық базаға қатысты жаңа стандарттар енгізілуде. Ал 2027 жылдан бастап барлық балабақшалар міндетті түрде лицензиядан өтеді.
Қаржы министрлігі тарапынан жекеменшік мектептерге тексерістер де жалғасып жатыр. Алдын ала нәтижелер кейбір мекемелерде оқушылар санын жасанды көбейту, бюджет қаражатын тиімсіз пайдалану және қаржылық есептерді бұрмалау деректері бар екенін көрсеткен. Толық қорытынды кейін жарияланады.
Соңғы жаңалықтар