«Қош болыңыз, батыр ағатай»: Полицейдің қарындасы ағасының көзі тірісіндегі сәттерінен естелік бөлісті

29.06.2026 10:40 Абзал БАХЫТЖАНОВ
«Қош болыңыз, батыр ағатай»: Полицейдің қарындасы ағасының көзі тірісіндегі сәттерінен естелік бөлісті
384
Фото: Бейнеден алынған скриндар

Алматы облысының Кеген ауданында мәйіті өртенген күйде табылған 37 жастағы полиция қызметкері Аслан Альсеровтің қарындасы ағасының көзі ашық кезіндегі сәттерімен бөлісті, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұл туралы ол Instagram-да бейне жариялады.

«Бәрімізді қорғап жүрген ардақты ағатай... Бұл қаралы хабарды қабылдау өте ауыр болды. Сіздей елге қорған болған, әрдайым халықтың тыныштығы үшін қызмет еткен азаматтың өмірден өтуі жүрекке қатты батты. Қарындасыңыз ретінде сізге деген құрметім мен алғысым шексіз. Жылы жүзіңіз, қарапайым мінезіңіз, елге деген адал қызметіңіз ешқашан ұмытылмайды. Сіздің жарқын бейнеңіз әрдайым жүрегімізде сақталады. Сіз әрдайым біздің жүрегімізде мәңгілік сақталасыз. Жаныңыз жәннатта болсын, ағатай. Сізге деген құрметіміз бен алғысымыз мәңгілік. Қош болыңыз, батыр ағатай...», — деп жазды Ақерке Қалиақпарова.

Еске салсақ, 23 маусымда мал іздеп жүрген бақташы 1988 жылғы марқұмның денесін тапқан болатын. Бұған дейін жазғанымыздай, бұл қылмысқа отбасылық жанжал себеп болған.

Қазіргі таңда ішкі істер органында жұмыс істеген марқұмның әйелі мен кәмелетке толмаған балалары негізгі күдікті саналады. Соңғы ақпаратқа сәйкес, сот шешімімен марқұмның екі ұлы мен олардың 14 жастағы досы үйқамаққа алынды.

Оқиғадан мүлдем бейхабар болған көршілері аулаға тәртіп сақшылары келгенде ғана мән-жайды түсінген. Белгілі болғандай, бұл отбасы 7 кәмелетке толмаған баланы тәрбиелеп отырған, оның 2-еуі асырап алынған.

Қазіргі уақытта аталған іс «топ болып алдын ала сөз байласу арқылы ерекше қатыгездікпен адам өлтіру» бабы бойынша тергеліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий