Адвокат фельдшер өліміне кінәлілерді 6 жылға соттауды сұрайды

20.11.2025 10:25 Арман Ермеков
Адвокат фельдшер өліміне кінәлілерді 6 жылға соттауды сұрайды
0
297
Фото: instagram.com/zeineladilet

Астанада қызмет барысында көз жұмған Ұлдана Мырзуанның отбасы кінәлілердің жазадан құтылып кетуіне жол бермек емес. Марқұмның мүддесін қорғаушы тарап істі қайта саралауды көздеп отыр. Бұл туралы адвокат Нұрсұлтан Орынұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz сайты NewTimes.kz-ке сілтеме жасап.

Құқық қорғаушының айтуынша, қазіргі таңда тергеу амалдары қызу жүргізілуде. Ол істі Қылмыстық кодекстің 278-бабынан «Сапасыз салынған құрылыс» неғұрлым ауыр саналатын 279-бапқа «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы қағидаларды немесе нормативтердің талаптарын бұзу» ауыстыруға күш салмақ.

Адвокат қайғылы жағдайға кімнің тікелей жауапты екенін дөп басып айту әзірге қиын екенін жеткізді.

«Тергеу нүктесі қойылған соң жауапкершілік кімнің мойнында екені белгілі болады. Ол Пәтер иелерінің кооперативі, құрылыс салған компания немесе Тұрғын үй басқармасы болуы мүмкін. Рас, үйдің пайдалануға берілгеніне 21 жыл болған, кепілдік мерзімі әлдеқашан өткен. Алайда, бұл ғимаратты тексеріссіз қалдыру керек деген сөз емес. Қалған жайттарды тергеу құпиялылығына байланысты ашып айта алмаймын», – деп түсіндірді Нұрсұлтан Орынұлы.

Егер адвокаттың уәжі орындалып, іс жаңа баппен қозғалса, кінәлі деп танылған тұлға 6 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Естеріңізге сала кетейік, 23 жастағы жас маман Ұлдана Мырзуан 8 қараша күні елордада науқасқа асығып бара жатқан сәтінде жазым болған еді. Төбеден құлаған ауыр кондиционер блогы бойжеткенді ауыр жарақаттап, дәрігерлердің жанталасқанына қарамастан, ол 18 қарашада аурухана төсегінде көз жұмды.

Қызметтік борышына адал болған фельдшерге қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалі берілді. 19 қараша күні Қосшы қаласында марқұмды ақтық сапарға шығарып салды. Қазіргі таңда жауапты министрлік қаралы отбасына берілетін төлемдерді қарастыруда.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий