Блогер пластикалық ота жасатып көз жұмған клиниканы министрлік тексеретін болды

21.05.2026 13:07 Әсел Мұрат
Блогер пластикалық ота жасатып көз жұмған клиниканы министрлік тексеретін болды
128
фото-коллаж: politico.kz

Алматыдағы косметологиялық клиникада процедурадан кейін көз жұмған блогер Сауле Базарханның оқиғасы денсаулық сақтау министрлігінің ерекше бақылауына алынды, деп хабарлайды Politico.kz.

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова бейінді мемлекеттік органдарды тарта отырып, жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.

Тексеру аясында мамандар клиниканың медициналық қызмет көрсетуге лицензиясының бар-жоғын, ұсынылған қызметтердің қолданыстағы стандарттарға сәйкестігін, медицина қызметкерлерінің біліктілік деңгейін, сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсету хаттамаларының сақталуын анықтайды.

Министрлік косметологиялық процедуралардың медициналық араласу санатына жататынын және мұндай қызметтер тек лицензияланған медициналық ұйымдарда білікті мамандар тарапынан жүргізілуі тиіс екенін еске салды.

Сонымен қатар ведомство марқұмның отбасы мен жақындарына көңіл айтты.

«Тексеру қорытындысы бойынша заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, Қазақстан заңнамасына сәйкес тиісті шаралар қабылданады. Оның ішінде материалдар құқық қорғау органдарына жолданады», — деп мәлімдеді денсаулық сақтау министрлігі.

Бұдан бөлек, министрлік басшысы косметологиялық қызмет көрсететін ұйымдарға мониторингті күшейтуді тапсырғаны атап өтілді.

Оқиғаның мән-жайы

Еске сала кетейік, 53 жастағы блогер әйел Сәуле Базарханның кенеттен қайтыс болғаны туралы продюсер Гүлзира Айдарбекова мәлімдеді. 

Сәуле Базарханның қызы анасының қазасына байланысты қоғамнан көмек сұрады.

Марқұмның қызының айтуынша, 53 жастағы Сәуле Ермаханова 15 мамыр күні Алматыдағы жеке пластикалық хирургия клиникасында липосакция отасы кезінде көз жұмған.

Кейін полиция аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын растады. Қазіргі уақытта кешенді тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Түпкілікті процессуалдық шешім тек тексеру нәтижелері шыққаннан кейін қабылданады.

Ал әйел Сәуле Базархан ота жасатып, көз жұмған жекеменшік клиника ресми мәлімдеме жасады. Медициналық мекеме дәрігерлік құпияға байланысты оқиғаның мән-жайын жариялай алмайтынын мәлімдеді.
 

Войдите, чтобы оставить комментарий