Инъекциядан кейін ақтаулық әйелдің қолы істемей қалған
Ақтауда облыстық ауруханаға жеткізілген науқасқа жасалған инъекциядан кейін оның қолы қозғалыссыз қалған, деп хабарлайды Politico.kz Lada басылыма сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, 13 наурыз күні шамамен сағат 12:00-де жедел жәрдеммен жеткізілген әйелге жүректің ишемиялық ауруы диагнозы қойылып, қабылдау бөлімінен кейін «қызыл аймаққа» жатқызылған. Емдеу барысында көктамыр арқылы дәрі енгізу үшін катетер орнатылып, тиісті ем басталған.
Алайда белгілі бір сәтте енгізілген ерітінділер көктамырға емес, бұлшықетке түсіп кеткен. Бұл жайт тек жансақтау бөлімінде қан талдауы алынған кезде анықталған. Науқастың айтуынша, алғашқы кезеңде қажетті медициналық шаралар толық көлемде жүргізілмеген: қолына мұз басу және спиртпен өңдеу ұсынылғанымен, медициналық мекемеде спирт болмаған.
Осыдан кейін әйелдің қолы қатты ауырып, қозғалысы шектелген. Ол көрсетілген медициналық көмектің жеткіліксіз болғанын айтып, e-Otinish жүйесі арқылы шағым түсірген.
Маңғыстау облыстық көпбейінді ауруханасының мәліметіне сәйкес, науқас ауруханаға жеткізілгенге дейін жедел жәрдем қызметкерлері сол қолдың шынтақ тұсына веналық катетер орнатқан. Кейін стационарда бұл катетер жарамсыз деп танылып, алынып тасталған және аталған аймаққа қайтадан дәрі енгізілмеген.
Сонымен қатар, коронароангиография процедурасы оң қол арқылы жүргізілгені нақтыланды. Ал сол қолда пайда болған гематома бұрын орнатылған веналық жолмен байланысты екені айтылды. Дәрігерлер мұндай асқынулар тамырішілік процедуралар барысында кездесуі мүмкін екенін және әрдайым медициналық қателік ретінде бағаланбайтынын мәлімдеді.
Аурухана өкілдерінің айтуынша, науқасқа қажетті медициналық көмек толық көлемде көрсетіліп, ықтимал асқынулар мен кейінгі емдеу шаралары жан-жақты түсіндірілген.
Соңғы жаңалықтар