Министрлік ұжымы қаза тапқан 23 жастағы фельдшерді бір минут үнсіздікпен еске алды

25.11.2025 15:18 Арман Ермеков
Министрлік ұжымы қаза тапқан 23 жастағы фельдшерді бір минут үнсіздікпен еске алды
0
197
Фото: Денсаулық сақтау министрлігі

Бүгін еліміздің бас дәрігерлік ведомствосында алқалы жиын әдеттегіден өзгеше басталды. Денсаулық сақтау министрлігінің ұжымы қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқан жас маманды еске алып, бір минут үнсіздік жариялады, деп хабарлайды Politico.kz.

Әңгіме Астана қалалық жедел жәрдем станциясының фельдшері Ұлдана Мырзуан жайында болып отыр. Бар-жоғы 23 жасында өзгелердің өміріне араша түсу жолында жанын қиған бойжеткеннің рухына тағзым ету шарасы тек министрлік қабырғасында ғана емес, бүкіл ел бойынша жалғасты.

Ведомствоның хабарлауынша, республиканың түкпір-түкпіріндегі 100 мыңнан астам ақ халатты абзал жан жұмыс орындарында тұрып, әріптесінің жарқын бейнесіне құрмет көрсеткен.

Естеріңізге сала кетейік, елордадағы қайғылы оқиға 8 қарашада болған еді. Науқасқа асыққан 23 жастағы фельдшер Ұлдана Мырзуанның үстіне ғимараттан ауыр кондиционер құлап кеткен. Дәрігерлер он күн бойы жанталасып, оның өмірі үшін күрескенімен, бойжеткен 18 қарашада аурухана төсегінде көз жұмды.

Ержүрек қызға қайтыс болғаннан кейін «Ерлігі үшін» медалі тағайындалды. Марқұмның сүйегі кеше Қосшы қаласында жер қойнына тапсырылды.

Министрлік қаралы отбасына берілетін төлемдер мәселесі жайлы айтты. Алайда марқұмның жақындары мұнымен тоқтап қалмақ емес. Қорғаушы тарап кінәлілер жазадан сытылып кетпеуі үшін істі Қылмыстық кодекстің неғұрлым ауыр бабына ауыстыруды талап етіп отыр.

ДДҰ басшысы Ханс Клюге Астанада қызмет барысында қаза тапқан фельдшер мен Түркістан облысындағы бір үйдің түтінін өшірген алапат өртке байланысты қазақстандықтарға көңіл айтты.

Пікірлер (0)
Здесь пока ничего нет
Пікір қалдырыңыз
Войдите, чтобы оставить комментарий