ҚазҰУ жатақханасында не болғанын Дауылдың анасы айтып берді

ҚазҰУ жатақханасында не болғанын Дауылдың анасы айтып берді
Фото: Бейнеден кадр

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің жатақханасында қаза тапқан 17 жастағы Дауыл Бәкіртай Түркістан облысының Төле би ауданында жерленді. Марқұмның анасы ұлын екінші курс студенттері ұрғанын айтып, университетте әлімжеттік жүйесі қалыптасқанын мәлімдеді, деп хабарлайды Politico.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.

Алматыға оқуға кеткен Дауыл Бәкіртай университеттің бірінші курсында оқыған. Анасы Сәуле Ордабаеваның айтуынша, оқиға болған күні екінші курстың сегіз студенті Дауыл мен оның досын жатақханадағы бөлек бөлмеге шақырған. Оларға бірінші курс студенттерінің жүріс-тұрысы ұнамаған көрінеді.

Әйелдің сөзінше, жоғары курс студенттері алдымен Дауылдың досын, кейін ұлын ұрған. Ол оқиғаның мән-жайын сол жерде болған баладан естігенін айтты.

«Бірінші қасындағы баланы ұрған. Одан кейін менің баламды ұрған. Қасындағы бала құламаған кезде, менің баламның жүрегінен ұрған. Жүрегінен ұрған кезде балам сол жерде гүрс етіп құлаған. Сосын қасындағы балаға олар аяғын көтертіп қойған. Ол бала кеше аудандық ішкі істер бөлімінде жылап, бәрін айтып берді: «Әпке, осындай болды, мен жарты сағат Дауылдың аяғын көтеріп тұрдым» дейді», – деді Сәуле Ордабаева.

Марқұмның досы Шыңғыс Есенәлі де Дауылдың денсаулығында ешқандай кінәрат болмағанын айтады. Оның сөзінше, Дауыл бала кезінен бокспен айналысып, көкпар тартқан. Ол досына электршокер қолданылған болуы мүмкін деп күдіктенеді.

«Дауыл өте мықты, керемет бала еді. Екеуіміз бала кезден біргеміз. Ол жай, бір ұрғанда құлайтын бала емес. Мен оны білемін, бірге боксқа да барғанбыз. Оған шокер қолдану арқылы құлатқан болуы керек. Оның денсаулығында ондай зақым жоқ, ауруы, ештеңе болмаған. Өте мықты жігіт еді», – деді досы.

Дауылдың анасы университет жатақханаларында жоғары курс студенттері бірінші курсқа түскендерге әлімжеттік көрсетіп, ақша жинағанын да айтты. Оның сөзінше, мұндай тәртіп туралы ұлы қайтыс болардан бір күн бұрын туыстарына айтып берген.

«Ол жерде бір жүйе бар екен. Екінші курс студенттерін әкімшілік әр жатақханаға арнайы қойып қойған екен. Бұлар сол жерді «ұстайды» екен. Ал олар балаларға әлімжеттік жасайды, ақша жинайды екен. Қос қолмен амандасу керек екен, «сіз» деп сөйлеу керек деп, әлімжеттік жасайды екен. Оның бәрін балам бір күн бұрын сіңлімнің қыздары тамаққа шақырғанда айтып берген екен. Мына жүйе деген бәле екен», – деді марқұмның анасы.

Дауыл Бәкіртайды соңғы сапарға шығарып салуға ҚазҰУ өкілдері де келген. Олардың арасында қызметінен босатылған факультет деканы болған. Ол журналистерге қандай да бір түсініктеме беруден бас тартып, марқұмның отбасынан кешірім сұрауға келгенін ғана айтқан.

Ал Дауылдың жақындары кінәлілер тиісті жазасын алмай қала ма деп алаңдайды. Олар университеттегі әлімжеттікке қатысты айтылған мәліметтердің жан-жақты тексерілуін және істі Бас прокуратураның бақылауға алуын талап етіп отыр.

Еске салайық, ҚазҰУ-да 10 күн ішінде екі бірінші курс студенті қайтыс болды. 6 қарашада бірінші курста оқитын қыздың, ал 16 қарашада Дауыл Бәкіртайдың қазасы белгілі болды.

Дауылдың өліміне қатысты қылмыстық іс қозғалып, күдікті ұсталды. Екінші студенттің қазасынан кейін университет басшылығы проректор, декан және жатақхана қызметкерлерінің жұмыстан босатылғанын хабарлады.

Ғылым және жоғары білім министрлігі де ҚазҰУ-ға арнайы мониторинг тобын жіберіп, кешенді тексеру жүргізетінін мәлімдеді.

Бізді Google-дың негізгі дереккөздер тізіміне қосыңыз
Қосу