Асаубаеваның анасы мемлекеттен айына 320 мың теңге алатынын мәлімдеді
Қазақстандық танымал шахматшы Бибісара Асаубаеваның анасы Лиана Хаким қызының мемлекеттен қанша қаражат алатынын ашық айтты. Бұл туралы ол өзінің Instagram желісіндегі парақшасында жазды деп хабарлайды Politico.kz.
Спортшының анасы ел арасында тараған қауесеттерді жоққа шығарып, нақты сандарды келтірді. Ол халықтың мемлекет қаржысын миллиондап шашып жатыр деген ойымен келіспейтінін жеткізді.
"Мемлекеттен біз айына 320 мың теңге аламыз, ал әлем чемпионатындағы жеңіс үшін 2300 $ беріледі. Маңғыстау облыстық спорт басқармасынан ешқандай жалақы алмаймыз", – деп жазды ол.
Сонымен қатар ол «Sport Qory» спортты қолдау қоры мен федерация қаражаты бюджетке жатпайтынын айтады.
"Sport Qory спортты қолдау қоры мен федерацияның қаражаты бюджеттік болып табылмайды. Олар тікелей команданың еңбегіне ақы төлеуге бағытталады. Федерация желісі бойынша барлық сыйақылар, сондай-ақ жүлделік төлемдер - бұл спортшының адал еңбегі, оның жеке табысы болып табылады және оның қалауы бойынша пайдаланылады", – дейді шахматшының анасы.
Хаким ханым олардың да барлық Қазақстан азаматтары сияқты салық төлейтінін атап өтті.
"Біз Қазақстанның барлық азаматтары сияқты салық төлейміз. Қорытынды жасағым келеді: мемлекеттік қаржыландыруды, жеке және бюджеттен тыс қаражатты бөлу маңызды. Қорытындылар мен жария мәлімдемелер жасамас бұрын, фактілерді тексерген жөн. Өзгенің еңбегін құрметтеу өз сөзіне жауапкершілікпен қараудан басталады", – дейді Лиана Хаким.
Бұл даудың басталуына Бибісара Асаубаеваның президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жасаған үндеуі себеп болған еді. Онда спортшы саланы қаржыландыру мен қолдау мәселелерін көтерген. Бұған жауап ретінде Туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев қаражат бөлініп жатқанын алға тартты.
Ол шахматшының президент табыстаған «Барыс» орденін неліктен әлі күнге дейін алмағанын түсіндіріп өтті. Сонымен бірге вице-министр кейбір спортшылардың ел намысынан гөрі ақшаны бірінші орынға қоятыны туралы пікірін білдірген болатын. Асаубаева өз кезегінде министрлікке жауап қайтарып, ведомство басшысының мүлдем басқа ұстанымда болғанын жазды.
Бұл пікірталаста Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов шахматшыны қолдап, оның саяси партиялар үшін жақсы үміткер екенін меңзеді. Оған қоса спортшы өзінің бұрын Ресей атынан өнер көрсеткен кезеңі мен дамуына кедергі жасаған Президент әкімшілігіндегі туған ағасы туралы да желіде жариялады. Қоғамда қызу талқыға түскен бұл жағдайға қатысты Қазақстан шахмат федерациясының басшысы Тимур Турлов та өз пікірін айтқан еді.
Соңғы жаңалықтар