Пара дауы: Жамбыл облысында жоғары лауазымды полицейлер сотталды
Жамбыл облысы ПД бұрынғы басшысының орынбасары пара алғаны үшін 6 жылға сотталды, деп хабарлайды Politico.kz.
Тараз қаласының №2 соты Жамбыл облысы полиция департаменті бастығының бұрынғы орынбасары Жайдарбек Құттыбаев пен Талас аудандық полиция бөлімінің бұрынғы басшысы міндетін атқарушы Еркен Абаевқа қатысты үкім шығарды.
Сот шешімімен Құттыбаев 6 жылға, ал Абаев 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар екеуі де өмір бойы мемлекеттік қызметте және құқық қорғау органдарында жұмыс істеу құқығынан айырылып, арнайы атақтарынан айырылды.
Тергеу мәліметінше, 2025 жылдың тамыз айында полиция басшылары Қаратау қаласындағы қарамағындағы қызметкерден 5 миллион теңге алған. Оның орнына қызметкерді жұмыстан шығарудан және қылмыстық жауапкершіліктен құтқаруға уәде берген.
Алайда істі жабу мүмкін болмаған. Күдікке ілінген полицей кейін қамауға алынып, өз басшыларын әшкерелеген.
Сотталушылар кінәларын мойындамады. Құқық қорғау органдарынан теріс себептермен босатылған Құттыбаев істің қолдан ұйымдастырылғанын айтып, өзіне жала жабылғанын мәлімдеді.
Сотталғандардың туыстары үкіммен келіспейтіндерін айтып, оны жоғары сатыдағы сотта қайта қарауға ниетті екенін жеткізді.
Соңғы жаңалықтар