Тойда уағыз айтып ұсталған ақсақал 2 ай қамауда отырады

21.08.2026 11:38 Қарақат АСЫЛОВА
Тойда уағыз айтып ұсталған ақсақал 2 ай қамауда отырады
195
Фото: nege.kz

Жетісайдағы тойда уағыз айтып, әншілер мен әйелдерге тіл тигізген 66 жастағы ақсақалды қамауда ұстау мерзімі ұзартылды, деп хабарлайды Politico.kz.

Бұған дейін ел Президентіне үндеу жолдаған күдіктінің қызы 15 тамыз күні әлеуметтік желіде жаңа мәлімдеме жасады. Оның айтуынша, сот қарияны 2 ай тергеу изоляторында ұстау туралы санкция берген. Бойжеткен әкесіне қолданылған бұл бұлтартпау шарасының тым қатаң екенін айтып, өз наразылығын білдірді.

«Әкеме тағы 2 айға қамауда ұстау санкциясы берілді. Менің бір ғана сұрағым бар, не үшін? 66 жастағы адам тағы екі айын тергеу изоляторында қалай өткізуі керек? Ол соншалықты қоғамға қауіпті қылмыскер ме? Оны кімнен оқшаулау қажет?», – деп жазды ақсақалдың қызы Наргиза.

Сондай-ақ ол әкесінің осы жасқа келгенге дейін ешқашан заң бұзбағанын және оған бұрын-соңды ешқандай айып тағылмағанын алға тартты. Ол құқық қорғау органдарынан болған жағдайды объективті түрде қарауды өтінді. Бойжеткен қарияның жасы мен денсаулығын ескеріп, оны СИЗО-ға қамамай, бұдан жеңілірек бұлтартпау шарасын таңдауды сұрады.

Еске сала кетейік, желіде ақсақалдың тойда айтқан уағызы тарап, халық арасында үлкен дау тудырған еді. Осы оқиғадан кейін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мен Президент Әкімшілігі Басшысының бірінші орынбасары Ерлан Қарин де пікір білдірді.

Тәртіп сақшылары ақсақалды 5 тамыз күні тергеу изоляторына қамаған болатын. Қазіргі уақытта оған қатысты Қылмыстық кодекстің 174-бабы, яғни әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, сословиелік немесе діни алауыздықты қоздыру бабы бойынша қылмыстық іс тергеліп жатыр.

Войдите, чтобы оставить комментарий